Триеннале дыбысқа және дыбысты қабылдауға арналады әрі институционалды шекаралармен шектелмей, кең диапазонды дыбыс практикалары үшін кеңістік жасайды. «Мәңгілік жел салтанаты» жобасы аясында екі ай бойы мұнда дыбыс инсталляциялары орнатылады, дыбысты қабылдау және дыбыс серуендері сеанстарын қамтитын тікелей іс-шаралар, гибридті дәрістер, пікірталастар мен шеберлік сыныптары, соматикалық перформанстар, сондай-ақ дыбыс мүлдем жоқ немесе ол мүмкін болмайтын орта мен дыбыс рәсімдерін зерттеуге жол ашылады.
Триеннале концерт бағдарламасының екінші күні тартылыс күші тақырыбын көркемдік зерттеуге арналады. Концертті Азадбек Бекчановтың дыбыстық перформансы ашады. Бұл — «Мәңгілік жел салтанаты» жобасындағы ең әсерлі оқиғалардың бірі. Азадбек Өзбекстанда дүниеге келген, бірақ сәби кезінде еңсеруге келмейтін жағдайларға байланысты Швейцарияның Лозанна қаласына көшіп, сол жерде ер жетіп, заманауи өнерпаз және саунд әртіс болып қалыптасты. Триеннале командасының шақыруымен ол алғаш рет өзінің туған өлкесіне қадам басады әрі оның дыбыстық перформансы осынау көптен күткен оралу сәтінің толқынысына арналмақ. Екінші күннің бағдарламасында Джон Кейдж, Йоко Оно, Нам Джун Пайк және ХХ ғасыр авангардының басқа да маңызды тұлғаларымен әріптес болып, музыка өнерінде жаңа бағыт қалыптастырған беделді жапон композиторы және концептуалды музыканың аты аңызға айналған өкілі Миеко Сиомидің пьесасы екінші рет орындалады. Оның «Жел және көлеңке салтанаты» туындысы — Триеннале үшін арнайы жазылған дыбыстық перформанс-эксперимент. Екінші орындауды көпшілік назарына Таңсұлпан Бұрақаева мен Назира Омар ұсынады. Таңсұлпан — өзіне тосын жанрларда жұмыс істеуден аяқ тартпайтын Башқұртстаннан шыққан заманауи өнерпаз және режиссер. Оның музыкалық серіктесі Назира Омар — қазақ дәстүрлі музыкасын орындауда жас буын ішінде болашағынан зор үміт күттіретін орындаушы, көптеген республикалық және халықаралық байқаудың қатысушысы және лауреаты. Концерт Триенналенің ең жұлдызы жарық қатысушыларының бірі — түріктің саунд әртісі Жевдет Әректің перформансымен тәмамдалады. Үн өнері мен сәулет өнері тоғысында өзінің ауқымды инсталляцияларымен танымал Жевдет «Мәңгілік жел салтанаты» үшін тағы бір туынды дайындады. Перформанс барысында Жевдет өзінің айрықша трансформер инсталляциясына орнатылған дыбыс жүйесін іске қосады. Перформанс электронды және экспериментал музыканың әлемдік маңызды форумдарының бірі — СТМ фестивалінің (Берлин) қонақ куратор бағдарламасы аясында ұсынылды. Жевдет Әректің өнер көрсетуіне Қазақстандағы Гете-Институт қолдау білдіреді.